Балабашада бала тілін дамыту жолдары — дошкольное образование, прочее


БАЛАБАҚШАДА БАЛА ТІЛІН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ
Шапиева Бибігул Ержанқызы
Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Балқұдық ауылы «Бүлдіршін» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі
Қазіргі таңда мектепке дейінгі мекеме  балаларына мемлекеттік тілді меңгерту бірінші жолға қойылып отыр. Мектепке дейінгі  мекемеде қазақ  тілін  оқыту, бала тілін дамыту  жұмыстары тәрбиешілердің көп еңбек етіп, ізденіс пен дайындығын қажет етеді. Сондықтан бала тілін дамыту мәселесінде мектепке дейінгі  мекемеде  білім  беру, тәрбиелеу ісіне қоғам, ұжым болып бір ауыздан атсалысуымыз қажет.
Мектеп жасына дейінгі балаларды  оқыту  мәселесі  алдымен  балабақшада  жүзеге  асырылады. Балалардың ақыл-ойы мен мінез-құлығының  дамуында  тіл  маңызды  рөл  атқарады. Біздің мақсатымыз – балаларды ата-бабадан  қалған  салт-дәстүрге,
адамгершілікке  баули отырып, жаңа  технологияны  меңгерту. Осы мақсатымыз  жүзеге асуы  үшін біз ең  алдымен  өзіміздің  ана  тілімізді  меңгеруіміз  қажет. Бүгінгі таңда  тіл  туралы  көп  айтылады.Тіл білген  адам-мәдени,рухани жан азығы мол адам. Адамның  ойы  тілден  көрінеді. Сондықтан  балабақша  қабырғасынан  бастап  тіл  үйретудің  маңызы зор. Бала тілін дамыту жұмысының негізгі мазмұны – сөздің жалпы ұғым беретін жағын меңгертуге көңіл бөліп, ойлау қабілеттерін дамыту, өз ойын еркін жеткізуін, қоршаған орта мен айналасындағы адамдармен еркін қарым - қатынасқа түсу, сөйлеу қабілеттерін қалыптастыру.Тіл мәдениетін игеру – баланың сәби шағынан іске аса бастайтын, біртіндеп жетілетін кезең. Олай болса, баланың тілін дамыту жұмысы отбасынан, балабақшадан бастап жүйелі түрде жүргізілуі тиіс.Балабақшада тілдік қатынастың ең маңызды түрі ауызша сөйлеп үйрену жатады. Ол болса сөздерді байланыстырып айту арқасында жүзеге асады. Сөздің байланысты айтылуы баланың тілдік және ақыл - ой дамуымен біртұтас жүреді.Жас жеткіншектерді баулып, тәрбиелеуде көркем әдебиеттің ролі ұшан - теңіз. Ол жаңа өскін балауса буынының сана - сезімін оятып, ақыл - есін дамытатын, адамгершілік моральға тәрбиелейтін өмір оқулығы.Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді өздерінің бойына шақ әдеби мұралармен сусындатып тәрбиелеу педагогтардың алдындағы міндеті. Ертегі, әңгімені, өлең – тақпақтар мен жаңылтпаштарды, сондай - ақ мақал - мәтелдер мен жұмбақтарды мәнерлеп оқып беру мен әсерлеп айту – тек қана олардың сөздік құрамын байытып қана қоймайды, сонымен қатар, сәбидің ақыл - ойының жетілуіне әсерін тигізеді. Баланың әдепті, көргенді болып өсуіне ықпалы өлшеусіз, баланың Отанын, өз ұлтын, өз жерін сүюі, оны қадірлей білуі ауыз әдебиеті мен көркем әдебиеттің әсері деп білеміз. Өйткені, бала кітаптағы жағымды кейіпкерлерге еліктеп, ер атанғысы келіп, еркелікке, еңбекке құлшынып өседі.Ежелгі қазақ әдебиеті өкілдерінің балаларға қалдырған әдеби мұрасы, Алтынсарин, Абай Құнанбаевтың өлең - әңгімелері осы күнге дейін тәрбиелеу мен оқытуда, ғылым жолын танытып, өнер - білімге баулуда қастерлі қасиетін еш жойған жоқ. Жамбылдың, Сәкеннің, Жансүгіровтың, Майлиннің, Мұқановтың сондай – ақ көптеген жас жазушылардың балалар сүйсінерлік қызығып тыңдарлық жақсы шығармалары бар. Мұның бәрі, жеткіншек ұрпақты тәрбиелеуде баға жеткісіз қазына. Әрбір тәрбиеші соларды іздестіре отырып, термелеп жинап жүрсе, өз жұмысына өте демеуші дәнекер таппақ.
Жас кезінде әңгіме, жырларды көп тыңдаған бала өз көрген - білгенін қиыстырып, тұжырымдап достарына, тәрбиешілеріне, ата - аналарына айтып бере алса, тіл шеберліктері артады. Мұндай жақсы қасиеттер баланың парасатты, инабатты, әдепті, еңбексүйгіш, көргенді болып өсуіне әсер етеді.Мектепке дейінгі шақта бала тілі икемді келеді, сондықтан - да балалармен жүргізілетін жаттығу түрлері әр алуан. Балалардың жас ерекшелігіне қарай топтарды үлкейген сайын тіл дыбыстарын айтып, үйренуге арналған жұмыс түрлері біртіндеп күрделене береді. Балабақшада жүргізілетін тәрбие, білім беру үрдісінде дыбысқа байланысты жаттығу түрлері кешенді түрде іске асырылады.Дыбыстардың ерекшеліктерін жете меңгеріп, дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтыру басқа да тілдерін дамыту сауат ашу оқу іс - әрекеттерінде ғана емес, ән, дене шынықтыру оқу іс - әрекеттерінде де, бос кезеңдерде де балаға өлеңдер, тақпақтар үйретіледі.Балабақшада балалардың жас ерекшелігіне лайықты көркем әдебиет шығармаларын, оқыған шығарма мазмұнын әңгімелеп айтқызу, суретке қарап әңгімелеу, ертегілер оқып беру, мақал - мәтел, жаңылтпаш, тақпақтар үйрету сияқты жұмыстары арқылы бала тілін дамытуға болады.Мектепке дейінгі тәрбие жұмысы жүйелі жүргізуді талап етеді. Қазіргі уақытта баланы халықтық педагогика негізінде тәрбиелеу ана тілі арқылы өз дәрежесінде жүзеге асатыны белгілі. Баланы ана тілінде анық, жүйелі, өзгелерге түсінікті, мәнерлі үн ырғағымен келістіре сөйлеуге, сөздің дыбыстық құрамын дұрыс жеткізуге мектепке дейінгі кезеңде үйрету керек.
Тәрбиеші әр баланың тілін зерттеп, ерекшелігін жете меңгергеннен кейін, тәрбие білім беру үрдісіне күн тәртібінің қолайлы сәттерінде дыбыстарды дұрыс дыбыстауға орай жаттығу жұмыстарын жоспарлы түрде ұйымдастырып жүргізеді. Ана тілінің грамматикалық жағын меңгерту күнделікті өмірде, үлкендермен сөздік қарым-қатынас жасау процесінде іске асады. Тіпті балабақшадағы балалардың сөйлеу әрекетінде сөздің синтаксистік тұрғыда қалыптаса бастайтынын арнайы зерттеу,бақылау жұмыстары дәлелдеп отыр. Олардың сөзінде жай-жайылма, құрмалас сөйлемдер жиі кездеседі. Керісінше бұл жастағы балалар морфологиялық формаларды өте баяу меңгеретіндері байқалады. Балалар сөйлемдегі сөздерді көбінесе жалғау, жұрнақсыз дара айтады. Сондықтан балабақша тәрбиешілері тіл дамыту сабақтарында жеке сөздерді жіктік, септік, тәуелдік жалғауларында қолдануды, түбір сөздерден сөз тудыру тәсілдерін үйретіп отыруға міндетті. Бұл жөнінде арнайы жазылған методикалық еңбектерде айтылады. Сөздің грамматикалық құрылысын меңгерту арнайы сабақ түрінде емес, тіл дамыту сабақтарында қосымша, дидактикалық ойын ( сөздік ойындар), түрлі жаттығу жұмыстары арқылы іске асады. Мысалы, зат есімдерді көптік, септік жалғауларын қосып айтуға үйретуде «Кімге не кере?», «Не жоқ», «Кім қайдан келді?» т.б ойындар ойнату қолайлы. Сондай-ақ қазақ тілінде өз алдына жеке мағынаға ие болмайтын, басқа сөздерге қосылып көмекші мағына атқаратын «арт, үст, жақ, қас, іш» деген көмекші сөздерді үйрету қажет. Бұл үшін түрлі ойыншықтарды, қажетті заттарды әр түрлі жағдайда орналастырып баладан сұрау керек. Бала «қайда?» деген сұраққа жауап бере отырып, заттың кеңістікте орналасқан орнын сөзбен айтады. Мұнымен қатар «Жасырылған затты тап», «Орнынды тап», деген ойын өткізуге болады. Мысалы, ойыншық аюды не қуыршақты жасырып сұрағанда бала: «Аю шкафтың үстінде, қуыршақ төсектің астында» немесе «доп столдың жанында», «Мысық үйдің үстінде отыр»,-деп жауап береді. Сөйлемдегі орны бос сөздерді тауып сөйлем құрап айтуға үйретуде «Әжемнен хат келді», «Мен қайттім (қуандым)» немесе «Балапан ұшып кетті» деген сөздерге «Қайдан? Қалай? Неге?» деген сұрақтар арқылы балапанның ұшқан жерін, неге ұшып кеткен себебін айтқызған дұрыс. Бірыңғай мүшелі, сабақтас салалас құрмалас сөйлемдер құрап айтуға үйретуде «Пошташы хат әкелді» деген ойын ойнатуға болады. Суреттер көрсетіп әңгіме құрату. «Фермада», «Тоқтарбек совхозға барғанда не көрді», «Қырман басында», «Жайлауда көргендерім», «Жидек тергенде» деген тақырыптарды алуға болады. Балабақшада жүргізілетін тәрбие, білім беру үрдісінде дыбысқа байланысты жаттығу түрлері кешенді түрде іске асырылады. Мәселен, ән оқу іс - әрекетінде музыка үнімен бала сезіміне әсер етсе, тіл дамытуда оқылған әңгіме, ертегілер, біріншіден баланың ақыл - ойын, танымын кеңейтсе, екіншіден ана тілін жақсы білуге көмектеседі.Осындай жұмыстардың нәтижесінде балалар өз бетінше шығармаларды айтып, шығарманың мазмұны мен ойын дұрыс жеткізіп, диалогтегі адамдардың сөздерін мәнерлі жеткізуге икемделеді. Балалар автордың сөз өнерін қолданып, сөз мәнерін өздері машықтануы қажет. Серіктестері айтқан әңгімені тыңдап отыруға, мазмұнын түсінуге, әдеби кейіпкерлерін атымен айтуға үйретіледі.
Табиғи құбылыстардағы ақиқаттылықты сипаттаған кезде нақты дұрыс сөз қолдануға, үлкендердің көмегімен белгілі бір нәрсеге тиісті белгілерді табуға, нақты бейнелеуге, әңгімеде ой - өрісін жеткізуге үйрету керек.Балалардың сипаттау әңгімелері түрлі сөз мәнерінде сонымен қоса тілдік (метафора, теңеу, эпитет, балама қолдануда) сөз өнері өзіндік ерекшелігін ашу қажет. Ойыншықтарды қолданып, суретке қарап әңгіме құрастырады. Баланың өзі құрастырған әңгімесінде жанрдың негізгі ерекшелігін таба білуінде. Сюжет ерекшеліктері мен әдеби шығармалардың мәнерлігі (ертегіні толық айтып беру). Ертегідегі жақсылықтың жеңгені, сиқырлық жайында, кейіпкерлерді басқа бір нәрсеге айналдырып, және т. б. қолдана отырып, ертегі құрастыруға үйрету. Бұл жаста балалар шығарманы қызығушылықпен тыңдайды, әңгімелерді түрлендіре біледі. Баланы шығармашылық қабілеттілігінен туындаған әңгімелеріне көңіл аударып, құрдастарының әңгімелерін тыңдауға бейімдеп, қиыншылық тудырған жағдайды, қол ұшын беріп, дұрыс емес жеріне түзету енгізе керек. Балалардың сөздік қорын, тіл байлығын дамыту барысында сахна ойындарының алатын орны ерекше. Оның барысында қажетті дыбысқа байланысты сөздер, сөйлемдер бірнеше рет қолданылады. әр кейіпкерді сөйлете отырып, балаларға қайталату. Сонымен қата бағдарлама бойынша өтілетін шығармалардан тіл ұстартуға қажетті шумағын алып пайдалану. Сол шумақ қай ертегіден, қай өлеңнен алынғанын сұрап, жауабын алу арқылы тіл дамытудан игерген білім дағдыларын бекітеді, әрі қайталайды. Ал сөздің дыбыстық жағын анық айтуға жаттықтыруда шағын әңгіме, ертегілерді мәнерлеп оқып беруге болады. Көркем сөз шеберлерінің таспаға жазылған үндерін, мәнерлі дауыс ырғағын тыңдату, дидактикалық жаттығулар жасау арқылы да жақсы нәтижеге жетуге болады. Мысалы, «Ғажайып қалта» «Не өзгерді?» үстел үстінде ойнайтын ойындарды пайдаланып, әр дыбысқа байланысты суреттерді топтап алу. Сондай-ақ жұмбақ, мақал - мәтел, жаңылтпаштарды айтқызу арқылы қажетті дыбысты бекіту жұмыстарын жүргізуге болады.Жұмыстың осындай түрлерін баланың жас кезінен бастап дер шағында қолға алса нәтижесі де ойдағыдай болады. Ұрпақтан - ұрпаққа мұра болып келе жатқан ертегілер, мақал - мәтел, жұмбақтар, жаңылтпаш бала тілін дамытуда шешуші орын алады. Өз тәжірибемде тобымдағы балаларға ертегілерді ең алдымен ауызша айтып беремін. Сонан соң айтылған ертегінің мазмұнын толық қабылдау және тіл байлықтарын арттыру мақсатымен сахналап рольдерге бөліп ойнатамын. Мысалы: «Бауырсақ» «Шалқан» «Мақта қыз бен мысық» «Алдар көсе мен тоңғақ бай» «Күз түсті» ертегілері. Сонымен қатар түрлі ойын - жаттығулардың бала тіліне тигізер ықпалы мол. Мысалы: «Күз түсті» ертегісін алып ойын - жаттығу ретінде өткізіп жүрмін.«Балалар тоғайға жеміс - жидек теруге барады. Барлығының қолдарында себет бар. Олар тоғайға келе жатса, бір сиыр жатыр екен. Сиыр балаларды көріп «мө - мө - мө» деп амандасады. Содан кейін «балалар, қайда барасыңдар?» деп сұрайды. Балалар: - «Орманға жидек теруге бара жатырмыз»-деп жауап береді. Орманға келіп ағаштың бұтағында тоқылдақтың отырғанын байқайды. Тоқылдақ балаларды көріп «тық - тық» деп амандасады. Сонан кейін торғайлар «шиқ - шиқ» деп дыбыстайды. Қарға болса «қар - қар» дейді. Көкек те қалыспай «көкек - көкек» деп қалыспайды. Осы тәріздес ормандағы құстар, аңдар балалармен кездеседі. «Күз түсті» ертегісінің мазмұны бойынша жүргізілетін ойын - жаттығудың мақсаты ертегі мазмұны бойынша балаларды қызықтырып, дыбыстарды анық айтуға жаттықтыру. Ертегілерден басқа көркем әдеби шығармаларды балаларға оқып беріп, олардан әңгіменің мазмұнын сұраймын. Мысалы: «Екі дос пен қайыршы қария» әңгімесін оқып беріп, әңгіменің мазмұнын сұрау арқылы Венн диаграмма әдісін қолданып, балаларға Алдан мен Сауранның мінезін салыстырамын.
Халық ауыз әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан өзіндік ерекшеліктерімен танылған халықтың асыл ойының көркем жиынтығы мақал - мәтелдер арқылы да беріледі. Қазақты мақал - мәтелдері негізінен елдікті, ынтымақты, бірлікті, адамгершілікті, инабаттылықты қамтиды. Сондықтан, мен «Менің Қазақстаным», «Отбасы», «Менің ауылым» тақырыптарын өткенде «Туған жер – алтын бесік», «Өз үйім - өлең төсегім», «Отан – оттан да ыстық» сияқты тақырыптарда мақал-мәтелдер жаттауға және қарапайым әңгіме құруға баулға тырысамын. Ал батырлық, ерлік туралы өткенде «Жауынмен жер көгереді, батамен ел көгереді», «Ер - елдің көркі, өсімдік жердің көркі»т.б.,«Білім» тақырыбына «Қына тасқа, білім басқа бітеді»,«Көп сөйлеген білімді емес, көп білген білімді» деген мақал - мәтелдердіпайдаланамын.
Бала тілінің дамуына жұмбақтар да үлкен роль атқарады. Әр оқу іс - әрекетінің тақырыбына сәйкес жұмбақ айтудан бастаймын. Мысалы, «Кешкісін маздап жанады, таң атса сөніп қалады» (Жұлдыз), «Қырманнан көрдім, ырыздығы елдің» (Дән), «Басында аппақ шәлі, етегі елдің сәні» (Тау).
Халықтық шығармалар ішінде баланы дұрыс, айқын сөйлеуге үйрететін, тілін жаттықтыруға бейімді жанр – жаңылтпаш. Жаңылтпаш арқылы сөздерді дұрыс сөйлеуге, жеке дыбыстарды алмастырмай дұрыс айтуға үйретеді. Мысалы, «Көк кесе, көп кесе, Көп кесені әкелді кеше», т.б. Жоғарыда айтылған мүмкіндіктерге сай балалардың сөйлеу қабілеттерін тереңдетіп, шығармашылық қабілеттерін дамытуда айтқан әңгімесіне, өзі құрастырған қысқа әңгімелеріне бағыт - бағдар бере отырып, тіл байлығын, сөздік қорын дамытуды басты назарда ұстау керек деп ойлаймын.
Қорыта айтқанда балалардың ана тіліндегі дыбыстарды анық айтып, тілінің дамуында, дұрыс сөйлей білуге баулуда балабақшада берілер тәрбиенің ықпалы зор. Сондықтан қазіргі заман талабына сай оқу - тәрбие үрдісін ұйымдастыру, яғни әр баланы жеке тұлға ретінде қабылдап, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді ойына, бойына шақ әдеби мұралармен сусындатып тәрбиелеу, әрбір тәрбиешінің алға қойған міндеті. Балабақша тәрбиеленуші әр баланы өз баламыздай жақсы көріп, білгенімізді олардың санасына құю, жеткізу тәрбиешінің алға қойған мақсаты. Сол мақсатқа жету үшін талмай, қажымай еңбек етуге міндетіміз.
Пайланылған әдебиеттер
1. Отбасы және балабақша журналы
2. Л.П. Федеренко, Г.А.Фомичева, В.К. Лотарев,  Мектеп  жасына  дейінгі  балалардың  тілін  дамыту  методикасы.
Алматы «Мектеп», 1981ж.
3. Әдістемелік нұсқау даярлық топ, Алматыкітап 2010 ж.
4. Мұқанов  М. Ақыл  -ой  өрісі. Алматы, «Қазақстан»  баспасы. 1980  жыл 
5. Баймұратова Б «Мектеп  жасына дейінгі балаларды  сөйлеуге үйрету» Алматы, «Мектеп» 1981 ж
6.Ғаламтор

Приложенные файлы

  • docx 306345
    Размер файла: 27 kB Загрузок: 0

Добавить комментарий