Сборник диктантов по казахскому языку для русских школ — русский язык, прочее





Диктанттар жинағы (5-9 сыныптарына арналған)
Оқу орыс тілдерінде жүретін мектептердегі қазақ тілі
Авторы: Жукенова Асемгуль Сериковна
Ақмола облысы, Зеренді ауданы , №1 Зеренді орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Оқу орыс тілінде жүретін мектептердің 5-9 сыныптарына қазақ тілінен арналған диктанттар жинағы. Әдістемелік жинақ орыс тілді оқушыларының сыныптарына деңгейлеріне сәйкестендіріп алынған.Жинақ жалпы білім беретін мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне көмекші құрал ретінде ұсынылады.
Пікір жазған: Тасенова А.Б №1 Зеренді орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.

Алғы сөз
Тіл – адамның қоғамдық қатынас құралы, ол үнемі жетілдіріп отыруды қажет етеді. Бұл ретте оқушының грамматикалық ережелерді жалаң жаттап алып, дайын мысалдарды мүдірмей айтып беруі мүлдем жеткіліксіз болады. Оқушы неғұрлым теориялық білімді практика жүзінде толықтырып, шығармашылық ісімен бекітіп отырса ғана тілді дұрыс игереді. Осындай шығармашылық жұмыстардың бір түрі – диктант. Оның мағынасы – естіртіп айту деген ұғымды береді.Диктант жұмысын жүргізу көбінесе оқушылардың теориялық білімін сынауға қолданылады.Мұғалімдерге көмекші құрал ретінде ұсынылып отырған бұл диктантар жинағының құрастырылу мақсаты-оқушылардың мемлекеттік тілден алған теориялық білім дәрежелерін айқындауға,тілдік ерекшеліктерді еркінірек меңгеруге,нығайтуға және жетілдіруге,коммуникативтік біліктілігін арттыру арқылы қазақ тілін сөз мәдениеті талаптарына сай деңгейде дұрыс қолдана білуге жетелеу.Диктант мәтіндері окушылардың меңгеруге тиісті сөз мөлшерін молайтады, лексикасын байытып, ойын, тілін дамытады. Сонымен бірге, оқушылардың бағдарлама бойынша түсінбеген тақырыптарын анықтап, білім сапасына, үлгеріміне талдау жасауға, бақылау сынақтарын жүргізуге мумкіндік туады.Мәтіндерді іріктеуде тіл үйренушілердің
сауаттылық деңгейін, танымдық, логикалық ой-өрістерін, білім-білік дағдыларын дамытумен қатар, олардың тәрбиелік мақсаты да ескерілген. Окушыларға жүйелі, тиянақты, саналы білім беріп, сауатты жазуға үйретуде еңбектің маңызы зор.
Диктант жұмысының нормалары:
Сыныптар Сөздер саны
1 15 - 20
2 20 - 25
3 30 - 35
4 40 – 45
5 50 – 55
6 60 – 65
7 70 – 75
8 80 – 85
9 90 – 95
10 100 -105
11 105-110
Диктант мәтiнiне байланысты мұғалiмдердiң ескеретiндерi:
қажет болған жағдайда мәтiн мазмұны жөнiнде қысқаша мәлiмет беру;
сөйлемдердiң құрылысы мен тыныс белгiлерiн, оқылу интонациясын ескеру;жай сөйлем, құрмалас сөйлемдердiң түрлерiнiң барын анықтау;
сызықша, тырнақша тәрiздi белгiлердi қолдану жүйесi;
егер диктанттың мәтiнiнде дұрыс жазылуы оқушыларға бұрын түсiндiрiмеген қиын сөздер кездессе, онда олар тақтаға жазылады;
диктант мәтiнiн қайтадан көшiруге болмайды;
бақылау диктанттарын бағалауда орфографиялық және тыныс белгiлiк қателерi есептеледi.
Бағалау нормалары
«5» деген баға:ешбір қатесі болмаса немесе емле,тыныс белгілерінен бір-бірден қате жіберсе;
«4» деген баға:емле және тыныс белгілерінен екі-екіден қате жіберсе;
«3» деген баға:емле мен тыныс белгілерінен 4-5-тен қатесі болса немесе 3 емле,5 тыныс белгі қатесі болса;
«2» деген баға:емле мен тыныс белгілерінің әрқайсысына 6-дан 10-ға дейін;
Ескерту:
Бағалау кезінде қателердің қайталануы мен біртектілігіне назар аударылады.Егер бір қате бір сөздің құрамында немесе түбірлес сөздердің түбірінде қайталанса, бір қатеге саналады. Бір ережеге жататын қателер біртекті болып есептеледі.Алғашқы біртекті үш қате біреуге саналады да, келесі осындай қателер дербес есептеледі.
Диктант мәтініне қойылатын талап:
а) көлем сынып ерекшелегіне сай болуы тиіс;
ә) тәрбиелік мазмұны болуы керек;
б) мәтіндегі орфограммалар мен пунктограммаларды оқушылар игерген, таныс бағдарламаға сәйкес болуы керек ;
в) мәтіннің көркем шығармалардан алынған үзінді түрінде жеңіл болуын ескерген жөн;
Грамматикалық тапсырмалы диктант сабағының құрылымдық кезеңін шамамен былай көрсетуге болады:
а) тілдік дайындық(өтілген грамматикалық материалдарды еске түсіру)4-5минут.
ә)берілген тапсырманы орындату-4-5 минут.
б) диктант мәтінімен таныстыру, жазғызу -30-35 минут.
в) тексеру, жинау-2-3 минут.
Белгілер мәні:
/- емле қатесі
V- тыныс қатесі
/-азат жол артық қойылған
?- түсініксіз
/- қайталанған ойлар, стилдік қателер, сөз қалдырған
/-жүйе үзілген
5-сыныптар үшін диктант мәтіндері
Ертегілер
Қазақтың халық ауыз әдебиеті өте қызық және тамаша. Біз әдебиет, қазақ тілі сабақтарында мақал жаттаймыз ,ертегі оқимыз.Кеше сабақта жұмбақ шештік. Жұмбақ шешу өте қызық. Мен көптеген мақалдарды,жұмбақтарды жатқа білемін. Менің жанұям қазақша мақал үйренеді. Менің досым да қазақ ертегілерін жақсы көреді. Мен досыммен бірге қазақ ертегілерін оқыдым. Ертегілер ғажап. (51 сөз)
Тапсырма:тән дыбыстарының астын сыз.
Күз
Күз айлары:қыркүйек,қазан,қараша.Қазір күз мезгілі. Күн салқындады. Суық жел соқты.Ағаштардың жапырақтары сарғайып, жерге түсті.Бақтарда түрлі жемістер мен көкөністер пісті.Біз бақшадан асқабақ, қырыққабат, қызанақ, алма, алмұрт жинадық.Әпкем қырыққабат тұздады. Шешем алма мен алмұрттан тосап қайнатты.Біз күз мезгілін ерекше жақсы көреміз.
(47 сөз)
Тапсырма:мәтіннен өткен шақты тауып , астын сызындар.
Біздің отбасымыз
Менің атым –Айжан.Мен бесінші сыныпта оқимын.Біздің отбасымызда сегіз адам бар. Менің атам,әжем,әкем ,шешем,екі ағам және сіңілім бар . Атам мен әжем –зейнеткерлер.Әкем-жүргізуші.Анам-мұғалім. Үлкен ағам университетте оқиды.Кіші ағам мектепте оқиды.
Біздің көршіміз қарт кісі. Ол өте бауырмал. Біз көршімізбен тату тұрамыз.
(49 сөз)
Тапсырма: «ата» сөзін тәуелдендер

Қыс
Күн суық. Жерде қар қалың.Түн ұзақ,күн қысқа. Қыста мен таңертең сағат жетіде тұрамын. Беті-қолымды жуамын,сүртінемін, шашымды тараймын, тамақ ішемін.Сонан соң басыма бөрік, қолыма қолғап, аяғыма етік киіп, мектепке барамыз.Мектептен шыққан соң, мектептің мұз айдынына барамыз.Мұз айдыны мектептен алыс емес. Осылай қыс қызығы өтеді де шығады.
(51 сөз)
Тапсырма: «мектеп» сөзіне фонетикалық талдау жасандар.
Қазақстан
Біздің Отанымыз-Қазақстан. Қазақстан Республикасы –тәуелсіз мемлекет.Қазақстан Республикасының астанасы-Астана қаласы. Астана әсем қала. Ол Есіл өзенінің жағасында орналасқан. Қала жылдан-жылға көркейіп келеді. Тамаша салынған ғимараттарға еріксіз көз саласың. Астанада мұражайлар, саябақтар ,мектептер,әдемі ғимараттар, мөлтек аудандар көп. Мұнда жүзден астам ұлт өкілдері тату-тыныштықта өмір сүреді. (49 сөз)
Тапсырма: Көптік жалғауы бар сөздердің астын сызу.
Дос.
Адамға ең керегі-дос. Доссыз ешқандай адам болмайды. Достың екі түрлісі болады. Олардың біріншісі адал дос, екіншісі амал дос.Адал дос ол барлық қиыншылықта қасыңнан табылады. Сенің басыңа ауырлық түссе ол сені қорғауға дайын тұрады. Ал амал дос сен өзің көмек сұрағанда, ол сенен қашқақтап, алыстай береді. Менің ең жақын, ең адал досым Айдана.(54 сөз )
Тапсырма: септік жалғауларының астын сызындар.
Ана
Ана! Бұл сөз жер бетіндегі әр тіркесте бар. Ол –көркем, сүйкімді де ұлы сөз. Бесікте жатқан бала соны айтып былдырлайды. Байлығы шалқыған үйден де, кедейдің лашығынан да осы құдыретті сөз естіледі. Даңққа бөленген артист әр уақытта анасын жадында сақтайды, әндерінде жырлайды, суретші оның бейнесін мәңгі қалдырады, сәулетші оны тастан қашайды. Ана –барлық адамның және бүкіл дүниенің белгісі. (57 сөз)
Тапсырма: «ол» сөзін септе.
Көктем
Көктем-жаздың басы. Наурыз, сәуір, мамыр айлары-көктем айлары деп аталады. Наурыздан бастап күн жылына бастайды. Қар еріп, сай-салаға су толады. Қыс бойы қатып жатқан өзен, көлдердің мұздары бұзылады. Жылы жаққа кеткен құстар келеді.
Көктемде егін, бақша егіледі, мал төлдейді. Қыста інінде ұйықтап жатқан жәндіктер тіріледі. Жер беті жасыл түске боялады.
(52 сөз)
Тапсырма: «көктем» сөзін септендер.
Абай Құнанбаев
Абай Құнанбаев-қазақ халқының ұлы ақыны. Ол ерте кезде өмір сүреді. Қазақ халқын әр түрлі өнер үйренуге, білім алуға шақырды. Халқыны еңбекті сүюдің, еңбек ете білудің пайдасын түсіндірді. Ақын өсекші, өтірікші, жалқау , мақтаншақ адамдарды жек көрді. Абай өз шығармаларында мұндай адамдарды қатты сынады. Абай Құнанбаев –ұлы аудармашы болған. Ол барлық адамдарды дос болуға шақырады. (54 сөз )
Тапсырма: «ақын», «адам» , «дос», «халық» деген сөздерге көптік жалғауларын жалғандар.
Азық-түлік дүкені
Мен бұл дүкенге күнде келіп жүрмін. Қазір мен дүкенге азық-түлік алуға келе жатырмын. Бүгін үйге нан,май,қант, шай, ұн және күріш керек. Мұнда майға , қантқа, етке кезекте адамдар көп. Нанға, жұмыртқаға кезектер жоқ. Сүтке, айранға, қаймаққа қазір бармау керек.Олар қазір дүкенде жоқ. Маған жолда базарға барып, көкөніс,жеміс-жидек алу керек.
(53 сөз)
Тапсырма: азық-түлік түрлерін жинақтап , сан есім түрінде жазындар.
6-сыныптар үшін диктант мәтіндері
Дене мүшелері
Дене мүшелері:бас,қол,аяқ,көз,мұрын,ауыз,тіл,тіс. Адам баспен ойлайды, көзбен көреді, мұрынмен дем алады, құлақтармен естиді, ауызбен тамақ ішеді, тілмен сөйлейді, тіспен тамақ шайнайды, аяқпен жүреді, қолмен ұстайды, еңбек етеді, жұмыс істейді.
Малшылар қыста басына жылы бөрік киеді, аяғына пима немесе етік киеді. Бөрікті теріден жасайды, қолғапты жүннен тоқиды, етікті былғарыдан тігеді, пиманы жүннен басады. Бөрік, қолғап, етік , пима дүкендерде сатылады.
(65 сөз) Тапсырма: Дене мүшелерінің атауларына көптік жалғауларын жалғап жазындар.
Алғашқы қар
Міне, қыстың бірінші айы да бітейін деді. Ал қар болса жаңадан жауды. Мен бүгін ерте тұрдым. Тұрсам, даланы аппақ , қар басып қалыпты. Ақ қарды тамашалап далада біраз жүрдім. Үйдің үстіне қар қап-қалың қылып жауыпты. Зәулім ағаштарды қар майыстырып жіберген . Қар күнмен шағылысып жылт-жылт етеді. Әсіресе, терезедегі шықтар адам үшін әдейі оюлап қойғандай.
Мен қардың жауғанына қатты қуандым. Қарда шанамен, шаңғымен ойнаған қандай қызық!
( 65 сөз)
Тапсырма: мәтіннен сын есімді білдіретін сөздерді теріп , қай шырайда тұрғанын көрсетіп жазындар.
Астана - болашағы үлкен қала.
Астана-болашағы үлкен қала. Ол- әлемдегі көрікті қалалардың бірі. Астана қаласы Есіл өзенінің екі жағында орналасқан. Өзеннің бір жағалауында - бұрынғы қала. Ол да жедел жаңарып жатыр. Екінші жағалауында- жаңа қала. Жаңа қаланың жалпы көрінісі Қазақстанның тарихын, мәдениетін, халықтық салт- дәстүрді білдіреді. Біздің еліміз үшін ең қымбат құндылық – Қазақстан халықтарының ынтымағын, түсіністігін бейнелеуге арналған құрылыстар.Астана қаласы- жаңа Қазақстанның белгісі.
(59 сөз)
Тапсырма: «Астана» сөзін септендер.
Көлік түрлері
Көлік атауы кісілердің,тауардың,хабардың, мәліметтің және басқа нәрселердің бір жерден екінші жерге жеткізулуімен тікелей байланысты.
Айналадағы өзіміз көріп жүрген барлық нәрсені ,тауарды,жиһазды,азық-түлікті,тұрмыстық бұйымдарды тасымалдау кезінде ,қандай да көлік түрі пайдаланады.Бір жерден екінші жерге жету үшін де әртүрлі көлікті пайдаланамыз.
Көлік түрінің негізгі төрт категориясы бар.Олар-қара жолмен,темір жолмен,су жолымен, және әуе жолымен жүретін көліктер.
(63 сөз)
Тапсырма: көмектес септікте тұрған сөздердің астын сыз.
Шахмат үйірмесі
Ағам жасынан шахмат ойынына құмар болып өсті. Мектебіміздегі шахмат үйірмесіне қатысып, жарыстарда көзге түсе бастады. Ол күн сайын үш- төрт сағат уақытын шахмат ойнауға арнайды. Оның арманы- болашақта шахмат ойынының шебері болу.
Шахмат адамның ой-өрісін дамытады, сондай-ақ шыдамдылық, ұстамдылық қасиеттерді талап етеді. Ағам өзінің уақытын босқа өткізбей, өзінің сүйікті ісіне арнады. Ол әрбір жеңісін мақтан тұтады және болашақта шахмат шебері болатынына сенімді.
(63 сөз)
Тапсырма: «шахмат» сөзін септендер.
Қымыз
Қымыз—қазақ халқының ұлттық тағамдарының ішіндегі ең бағалы дастарқан дәмінің бірі. Ол тек қана бие сүтінен ашытылады. Қазақтың ұғымында ең дәмді қымыз ысталған ыдыста сақталады. Қымызды ағаш күбіге немесе торсыққа ыстайды. Ысталған қымыз тәтті болу үшін қымызға жылқының қазысын немесе жалын салып қойып, көп піседі. Алғашқы қымызды ауылдың қарияларын шақырып таттыру рәсімін орындаған. Ол ырымдар бие сүтінің мол болуын тілеуге, бата беруге арналған. (63 сөз)
Тапсырма:синоним сөздердің астын сызу.
Интернет туралы ұғым
Интернет-жиырмасыншы ғасырдың аяғында пайда болған. Интернет қазір жер шарының әр түкпірін байланыстырып сан алуан адамдарды, елдерді біріктіреді. Интернет 1960 жылдары АҚШ-та дүниеге келдi.Оны соғыс бола қалған жағдайда бір-бірімен телефон арналары арқылы қосылған компьютер желілерімен байланысып отыру үшін АҚШ-ның орталық барлау басқармасының қызметкерлері ойлап тапқан. Сексенінші жылдардың басында Интернет деген термин пайда болды. Бұл ағылшынның халықаралық желі деген сөзі.
(65 сөз)
Тапсырма: сан есімдердің астын сыз.
Жамбыл Жабаев
Жамбыл Жабаев мың сегіз жүз қырық алтыншы жылы ақпан айында дүниеге келген. Оның әкесі Жабай, шешесі Ұлдан баласының атын өздерінің ата қоныстары Жамбыл тауының атымен атаған. Жамбыл он төрт жасынан бастап өлең айтқан. Он бес жасында атақты Сүйінбай ақыннан бата алған. Жамбылдың , әсіресе екі өнері ерекше биік дәрежеге көтерілген. Біріншісі-айтыс. Жамбыл айтыстың қанатты құсы атанды. Екіншісі-ұзақ жырларды жатқа айту. Ол жүз жасаған –ақын.
(65 сөз)
Тапсырма: реттік сан есімдердің астын сызу .
Киіз үй
Киіз үй-Орталық және орта Азия көшпенділерінің негізгі баспанасы болған. Ол тез жығып, шапшаң тігуге ыңғайлы, көшіп-қонуға лайықты. Киіз үй қола дәуірінде пайда болған. Киіз үйді біздің заманымыздан бұрынғы жетінші ғасырда кеңінен пайдаланып, киіз басу белгілі бір еңбек кәсібіне айналады. Киіз үйдің сол кезден бастап кең таралғанын сол заманда тасқа түсірілген суреттерден айқын байқауға болады. Көшпенді скифтердің киіз үйде тұратынын алғаш рет грек тарихшылары жазды.
(66 сөз)
Тапсырма: шығыс септігінің сұрақтарына жауап беретін сөздерді теріп жазындар.
Наурызым қорығы
Көптеген көлдерде, Қаратомар және Жоғарғы Тобыл су қоймасында балықтың түр-түрі: алабұға мен шортан , бүрге балық пен сазан, шабақ пен қара балық, тіпті рипус өсіріледі. Бұл балықтарды адамдар аулап , тамақ қылады.Көл жағасында түнгі алау отты жағалай отырып бүлкілдеп қайнап жатқан балық сорпасын күткен әуесқой балықшыларды көптеп көруге болады. Ал орманнан бүлдірген, саңырауқұлақ, жабайы шие терген жұрт себеттерін көтере алмай келе жатады.
(61 сөз )
Тапсырма: көмектес септігінің жалғауларын қойып жазыңдар:көлдер....,балық...,балықшлар..., бүлдірген..., жұрт....
7-сыныптар үшін диктант мәтіндері
Ауылда.
Өткен демалыс күні ауылдағы нағашы апамның үйінде болдым. Ауылдағы өмір өте қызық. Ерте әтештің шақырған дауысымен ояндым. Апам бие сауып жатыр екен. Атам малдарды жайлауға шығарып жатыр екен. Мен сиырларды өріске қосып келдім. Сосын атам екеуіміз қозы– лақтарды қораға шығарып, құстарға жем салдық. Осы кезде апам бізді дастарханға шақырды. Барлығымыз жазғы ас үйде отырып таңғы асымызды іштік. Апам бәрімізге үлкен кесемен ыстық сүт құйып берді. Кешке достарыммен алтыбақан тептік. Осылайша, бір күннің қалай өткенін білмей қалдым.
(75сөз)
Тапсырма: 1-2 сөйлемді орыс тіліне аудар.


Мектеп
Қыркүйек айы жақын қалды. Мектептегі жөндеу жұмыстары аяқталып, оқушыларды таза сыныптар, сырланған есік, терезе, парта, тақта күтіп тұрғандай. Жаз бойы дем алып тыныққан оқушылар көтеріңкі көңілмен мектептеріне сағынышпен оралды. Мен өзімнің Абай даңғылының бойында тұрған төрт қабатты мектебімді өте жақсы көремін. Біздің мектеп өте биік , әдемі. Мектептің сыныптары кең, жарық , таза. Мектепте компьютер сыныптары бар. Мектепте өте білімді мұғалімдер сабақ береді . Мектептің үлкен спорт залы бар. Ол еш уақытта бос болмайды.
(71 сөз)

Тапсырма:сын есімдердің астын сызындар.
Қыс
Биыл қыс өте салқын да емес, тым жылы да емес, өте жақсы болып тұр. Қар қалың, ауа таза. Демалыс күні далада бірнеше сағат жүріп келсең, қандай тамаша! Балалар да қыстың жақсы күндерін көңілді өткізеді. Олар аққала жасап , бір-біріне қар лақтырып ойнайды, үсті-бастары ақ қар. Бірақ балалар оған көңіл бөліп жатқан жоқ. Қыста Кәрім екеуміз аңға шығатынбыз. Оның жасы менен үлкен Ол мені аңшылыққа үйретті. Бір күні бізге үлкен қасқыр кездесті, біз оны соғып алдық.
(74 сөз )
Тапсырма:лепті сөйлемді сұраулы сөйлемге айналдыр.
Қазақ тілі сабағында
Біз биыл жетінші сыныпта оқимыз. Оқу жылы мамыр айында бітеді. Біздің мектептің оқушылары орыс тілінен басқа үш тілді оқиды.
Қазақ тілі сабақтақтары өте қызықты өтеді. Мұғалім әрқайсысымызға талап қоя біледі. Тақырыпқа орай көптеген жұмыс түрін орындаймыз: бір-бірімізге сұрақ қойып, жауап береміз, қазақ мәтінін оқып, орыс тіліне аударамыз, сөйлемдерге грамматикалық, фонетикалық талдаулар жасаймыз, диктант, шағын шығарма жазамыз. Біз қазақ тілінде еркін сөйлеуге тырысамыз, өйткені қазақ халқының тілін, әдебиетін, тарихын,мәдениетін білгіміз келеді. ( 71 сөз)
Тапсырма:1-3 сөйлемдерді орыс тіліне аудар.
Бауырымның ермегі – кино өнері
Менің бауырымды бүгінгі таңда кино өнері қатты қызықтырады. Кино өнері – бауырымның ермегі. Ол кино туралы көптеген мәліметтер жинақтайды. Бауырым журналдардан, газеттерден, интернеттен ақпарат жинайды. Қазақстан кино өнерінің барлық саласы ұнайды, бірақ аса қызықтыратын мультипликациялық саласы. Ол әрқашан кинотеатрға барып үлкен экраннан сүйікті фильмдерін, мультфильмдерін көреді. Ол қаладағы кинотеатрларда болып жатқан жаңа фильмдерді өткізбейді. Інім әр фильмнің режиссерын, ойнаған актерлерін біледі. Бұл ермегі қатты ұнайды. Болашақта режиссер болғысы келеді. (68 сөз.)
Тапсырма: күрделі сөздердің астын сыз.
Табиғатқа қамқорлық
Табиғат-адам баласының қонысы, мекені, байлығы, денсаулығының сенімді сақшысы.
Табиғат өздігінен өзгермейді, егер адамдар табиғат тыныштығын бұзбаса, нулы орманды кеспесе, сулы жерлердің көзін ашпаса, жер асты байлықтарын дұрыс пайдаланбаса табиғат та үлкен өзгеріске ұшырайды.
Табиғаттың да адамға берері таусылады.Адам - табиғаттың ең ұлы перзенті, сондықтан адамдар табиғатты аялап, мейірімділікпен, сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен қарауға міндетті. Келер ұрпаққа жасыл орман, мөлдір де таза өзен–көл мен таза ауа қалдыру - біздің борышымыз.
(68 сөз)
Тапсырма:зат есімдердің астын сыз.
Тоқылдақ
Жетісу-орман-тоғайға бай өлке. Ол ормандарда көптеген құстар мекендейді. Солардың бірі-тоқылдақ. Тоқылдақтың ұзындығы жиырма үш –жиырма бес сантиметр, салмағы жүз грамдай. Ол – ақ, қара, қызыл түсті әдемі құс. Қауырсындарының сабақтары қатты және үшкір келеді. Тоқылдақтың дене құрлысы ағашқа өрмелеп тіршілік етуге жақсы бейімделген. Ол оманның зиянкестерін құртып отырады. Тоқылдақтардың ұясының тереңдігі жиырма сегіз-отыз бес, аузының аумағы бес-алты сантиметр болады. Ұясын жиырма метрдей биік ағаштарға салады.
Тоқылдақ-орманның емшісі, көркі.Біздің тоғайларымызда да тоқылдақтар көп. (77 сөз)
Тапсырма:синоним, антоним, омоним сөздерді тап.
Отаным –Қазақстан
Құс ұясыз болмайтындай, адам да Отансыз болмайды. Ал менің тәуелсіз Отаным-Қазақстан сан ғасырлық тарихы бар ғажайып өлке. Мұндай өлкеде туып –өскеніме мен шексіз қуанамын.
Менің Отаным-Қазақстан. Отан «оттан да ыстық»-дейді халық мақалы. Оның ыстығы мен жүрекке жақын
тартуы бала кезден бойға даритын қуатында. Ал біз «Мен қазақпын, менің мекенім Қазақстан»-деген рухта өскен ұрпақпыз. Сондықтан да Отан ұғымы менің қиялыма қанат бітіреді.
Мен елімнің болашығына, нұрлы келешегіне сенемін. Ол үшін ұлан байтақ Отамның гүлденуіне үлес қосуға әрқашан да дайынмын. ( 82 сөз)
Тапсырма: «елім» сөзіне жекеше, көпше түрде жіктендер .
Сәлемдесе білеміз бе?
Есікті ашқан кісіге ең алдымен не деу керек? Әрине , сәлемдесу керек. Дұрыс. Жер шарын мекендейтін халықтардың бәрінде де сәлемдесу рәсімі бар. Тіпті кейбірі бірін- бірі көргенде белін бүгіп, төмен иеледі. Екіншісі маңдайын жерге тигізеді. Тілін көрсетіп сәлемдесетін халықтар да бар. Ал сәлемдеспеу, сәлем алмау- қайсы халықта болмасын әдепсіздік деп есептелген.
Өйткені , сәлемдесу рәсімінде «Мен сізді көргеніме қуаныштымын. Өзіңізді сыйлаймын. Сізге барлық жақсылықты тілеймін. Денсаулыңыз зор болсын» деген мағына жатыр. Демек амандасу жай нәрсе емес. ( 73 сөз)
Тапсырма:өткен шақта тұрған сөздердің астын сызындар.
8-сыныптар үшін диктант мәтіндері
Табиғат –алтын бесік
Көкшетау өңірі асқақ таулармен, қалың орман-тоғай, ондаған үлкен-кішілі көлдермен , түрлі жабайы хайуанаттармен белгілі.
Көкше ормандарында негізінен қайың мен терек өседі. Көлдері қашанда мөп-мөлдір.
Көкшетау ормандарын жабайы бұғы, елік мекендесе, тау сілемдеріне арқар жортады. Көлдері балық пен жабайы құстарға толы.
Әсіресе соңғы жылдары облыста табиғат байлықтары сақтауға бұрынғыдан да зор мән берілуде. Мұнда табиғат байлығын қорғайтын қоғамдық орындардың жемісті еңбектері орасан. Бурабайдың көркем табиғатын қорғайтын арнайы орман шаруашылық мекемесі құрылған. Ол тек орман күзетіп қана қоймай ,басқа жерлерден әкелген хайуанаттарды Көкше табиғатына үйретеді.
(84 сөз)
Тапсырма: «өседі», «жортады», «үйретеді» етістіктерін өткен шаққа қойындар.
Аққу
Көктемде Жайық өңіріне аққулар қос-қостан ұшып келеді. Талқайрандағы көк шалғынға киіз үй тіккенбіз. Сыртта тұрып, сыбызғының үніндей сыңғырлаған аққулар дыбысын тыңдадым. Тобымен орман ішіне қонды.
Таңертең ерте оянып, тысқа шықтым. Сүрлеумен өзенге қарай жүгірдім. Кеше кешкісін қармақ құрып кеткенбіз. .Келсем, жағада бір аққу қанатымен су сабалап, ұша алмай жүр. Қармақ аяғына кіріп кетіпті.
Жалма-жан көйлегімді шешіп тастап, аққудың қасына жүзіп жеттім. Аяғынан ұстадым да қармақты босаттым. Рақмет айтқандай бір саңқ етті де , арғы беттегі жасыл құрақ ішінде қиқу салып, бұны тосып жүрген тобына барып қосылды. Өзен жағасын әнге бөлеп, аққулар аспанға көтерілді. (92 сөз)
Тапсырма: Соңғы сөйлемді сөйлем мүшелеріне талда.
Отбасы
Біздің отбасымыз онша үлкен емес . Отбасымызда бес адам бар. Олар : әкем, шешем, ағам, апам және мен . Сіңілім ,інім жоқ.
Менің әкем –дәрігер. Ол егде адам. Шешем мектепте –мұғалім.Апам техникумда мұғалім . Ол әлі тұрмыста емес. Ағам – зауытта жұмысшы. Мен оқушымын. Мен оның қарындасымын. Біздің отбасымыз өте тату. Үйіміз қаланың орталығында.Біздің пәтеріміз бесінші қабатта. Пәтерімізде төрт бөлме бар.
Бүгін демалыс күні. Әкем диванда газет оқып отыр.Шешем ас үйде жүр. Апам қонақта, ағам далада футбол ойнап жүр. Мен кітап оқып отырмын. Бәрі өз жұмысында. (84 сөз)
Тапсырма: «әке» сөзін тәуелде.
Күз
Тамыз айының аяқ кезінде күн салқындайды.Оны, әсіресе, таңертең ерте сезуге болады. Қыркүйекте кейде жеңіл аяздар да болып қалады. Ертеңгісін шөптер мен үй шатырына қырау түседі.
Дала барған сайын жалаңаштана береді. Гүлдер құрап шөптер сола бастады.
Күздік бидай даланы көркейтіп, барқыттай жайқалып тұр. Уақытында бәрі де солады.Бірақ күздік егін үсімейді. Ақша қардың астында қауіпсіз көктемге шейін жатады. Жыл құстары жылы жаққа ұшып кетеді.
Күз-жыл мезгілдерінің ең бір тамаша уақыты. Күзгі табиғат адамның көңіл күйіне де көп әсер етеді. (80 сөз)
Тапсырма:осы шақта тұрған сөздердің астын сыз.
Теледидар.
Теледидар-телехабар бағдарламаларындағы бейне мен дыбыстық сүйемелдеудің радиосигналдарын күшейту мен түрлендіруге арналған теле, радиоқабылдағыш теледидар, түрлі-түсті, ақ ала, кескінді, стационарлы және тасымалды болып ажыратылады. Теледидардың негізгі ерекшелігі - бейне мен сүйемелдеуші дыбыс радиосигналдарын бір уақытта күшейту және түрлендіру. Теледидар- ақпараттық, қоғамдық-саяси, көркем және музыкалық хабарлар, жедел ақпарат, бұқаралық ақпарат құралы болып табылады. 20 ғасырдың соңында теледидардың ертеден қолданылып келген кинескопты түрінің орнына, сұйық кристалды, плазмалы түрлері пайда болды. Сұйық кристалды теледидарлар кескін айқындылығының, сапасының жоғарылығы бойынша қолданыстағы теледидардың ең озық түрі болып саналады.
(84 сөз)
Тапсырма:күрделі сөздердің астын сыз.
Досымның күн тәртібі
Менің досым – Әсет. Ол сегізінші сыныпта оқиды. Ол - өте ұйымшыл бала. Оның жұмыс күні сағат жетіден басталып, кешкі онға дейін созылады. Таңертеңнен түске дейін сабақтар өтеді. Сонда сабақтарға белсенді қатысып жақсы баға алуға тырысады.
Ең жақсы көретін уақыты – сабақтан кейінгі уақыт. Әсет сурет салуды жақсы көреді, сондықтан «Суретшілер» тобының мүшесі. Біз мейрам күндері, сыныптастарымыздың туған күні қарсаңында қабырға газетін шығарамыз. Біздің суретіміз құрбы-құрдастарымыздың көңілінен шығады. Осы уақыт аралығында ол тоқтамай жұмыс жасай береді. Ол сыныптастарына әрдайым көмектесіп жүреді.
Мен өз досымды мақтан етемін.
(85 сөз)
Тапсырма:Есімдіктердің астын сызындар.
Көктем
Көктем – жылдың төрт мезгілінің бірі. Көктем наурыз, сәуір, мамыр айларын қамтиды. Қыс мезгілінен кейін келетін жазға дейінгі кезең.Қазақ халқының дәстүрлі күнтізбесі бойынша жыл басы.
Көктемде күн ұзарып, ауа райының жылуынан қар еріп, тоң жібиді, жауын-шашын мол жауады, соның салдарынан көбінесе су тасиды. Көктемде жалпы тіршілік иелерінің жандануы, тірілуі басталады, жәндіктер мен хайуанаттар қысқы ұйқысынан оянып, тіршілігін бастайды, мал төлдеп, жыл құстары оралады, жер бетіне көк шығады, жеміс ағаштары бүршік атып гүлдейді. Жер жырту, ағаш отырғызу, егін егу, тағы басқа ауыл шаруашылығы жұмыстары жүргізіледі.
(85 сөз )
Тапсырма:не істейді? деген сұраққа жауап баретін сөздердің астын сыз.
Алтыбақан
Алтыбақан — қазақтың ежелгі ұлттық ойыны. Тымық кеште, айлы түнде, ауыл сыртында ойналады. Алтыбақан ойыны ежелгі көшпелі елдің бәріне кең таралған. Отырықшы халықтарда ол әткеншек деп те аталады. Алтыбақаннан айырмасы ол тұрақты орнатылады және жалғыз адамға арналады. Алтыбақанның қажетті заттары – тез құрастырылып, жиналатын үй мүліктері. Ойын көпшілікке арналған.
Жастарды әріптес таңдауға, ептілікке, тапқырлыққа, өнерлілікке бейімдейді. Алтыбақан көріністері театр өнерінде халықтың ұлттық тұрмыс ерекшеліктерін көрсету, сахнаны әсерлендіру тұрғысында да лайықты орын алды. Қазақ телевизиясы мың тоғыз жүз жетпісінші жылдары көгілдір экраннан жүйелі түрде «Алтыбақан» сауықкешін ұйымдастырып тұрды.(85 сөз)
Тапсырма: толықтауыштың астын сызындар.
Түйе
Түйе – сүтқоректі жануар. Бұл әлемнің құрғақ өңірлерінде – шөлдерде, жартылай шөл, далаларда өмір сүруге бейімделген  ірі жануар.Түйе жазда өре, қыста қора секілді ең кең орында өмір сүреді. Ең бастысы қолданылатын орын таза, түйелер ылғалға өте сезімтал болғандықтан сыз өтпейтін болуы керек. Жыл бойы түйелер өрісте, жердегі шөппен азықтанады, түйе тікенектер мен жантақтардан басқа да түрлі өсімдіктерді жейді,  ал қыста оларды пішенмен қоректендіреді. Түйелерде екі жылда бір рет бір бота туады.
Түйелерді өсіруден алынатын өнімдерді :шұбат, жүн, ет, май, ірімшік, тері.Түйе сүті сиырдікіне қарағанда қаралау, майлылау әрі тәттілеу, ақуыздары мол, емдік қасиеттерге ие. (93 сөз)
Тапсырма: көптік жалғауы жалғанған сөздердің астын сызындар.
Сәбіз
Сәбіз барлық жерде өседі. Азықтық және асханалық сұрыптары бар. Жаңа жиналған сәбіз — құнарлы тағам. Әсіресе балаларға өте пайдалы. Кептірілген сәбізді сорпаға, борщқа, щиге т. б. көкөніс тағамдарына қосады Сәбізді тураған, тұтастай және үгітілген күйінде тамаққа қосады.Дамудың алғашқы кезеңінде жарықты өте қажет етеді. Өз уақытында арамшөптерден отап, сиретпесе жақсы өнім бермейді. Басқа өсімдіктерге қарағанда құрғақшылаққа төзімді. Бірақ өз уақытында ылғалды беріп отырса, жақсы өнім береді. Дәрілік шикізат ретінде және витаминдік дәрі ретінде өсімдіктің түбір түйнегі мен дәні – тұқымы күз кезінде жинап алынады.Сәбіз – негізінен екіжылдық өсімдік. (84 сөз)Тапсырма: «сәбіз» сөзіне фонетикалық талдау жаса.
Балет
Балет-музыкалы театр өнерінің күрделі бір түрі.Сценарий, музыка және хореография, яғни би балеттің басты құрамдық бөліктеріне жатады.
Би – балеттің негізгі көркем-мәнерлі құралы.Бишілер өз биімен кейіпкерлердің мінез-болмасын, ой-сезімін, көңіл күйі мен іс-әрекетін ашып бейнелейді, сонымен балет мазмұны би арқылы әңгімеленеді. Балетте өтетін оқиғаның орны мен мезгілін меңзеуде декорация, костюмдер мен жарық-сәуле аса маңызды рөл атқарады.
Аса көрнекті биші Галина Уланованың:»Біз билеп қана қоймаймыз, би тілімен сырласамыз» деген сөзін А.С.Пушкиннің «жан-тәнімен самғау» деп балетті бағалаған пікірі толықтыра түседі. (85 сөз)
Тапсырма:1-2 сөйлемді орыс тіліне аудар
9-сыныптар үшін диктант мәтіндері
Төрт түлік малТөрт түлік мал
Қазақ халқы ежелден мал шаруашылығымен айналасқан.Малдың еті тамақ, терісі киім болса, жүні-тұрмыс заттарының қажетін өтеген. Сол себептен де, малды қадірлі, қасиетті санаған. Ауыз әдебиетінде төрт түлікке қатысты көптеген ертегілер, аңыз, әңгімелер, жұмбақтар, жаңылтпаштар бар. Халық төрт түлік қатарына мыналарды қосады. Олар:жылқы,түйе,сиыр,қой,ешкі. Әр түліктің пірі жебеушісі болады. Жылқыны- Қамбар ата, түйені-Ойсыл қара, сиырды- Зеңгі баба, ешкі-Сексек ата, қойды-Шопан ата қолдап қорғайды деген сенім бар.Төрт түлікті көп өсірген халық мал санауда үйір, табын сөздерін қолданған. Үйір –жылқының, отар-қой,табын-сиырдың тобын,санын,мөлшерін анықтайтын сөздер.(95 сөз )
Тапсырма: Кез- келген сөзге морфологиялық талдау жаса.
Үлкенді сыйлау
Үлкенді сыйлау - қазақ халқының ата салты. Үлкенді сыйлау, ең алдымен, әке мен шешені сыйлаудан басталады. Өз отбасын, өз ата-анасын сыйламайтын ұл мен қыз басқа адамдарды да сыйлай алмайды. Ата-ана баланы дүниеге келтіріп, өмір береді, тәрбиелеп өсіреді, білім береді. Есейген бала ата-анаға қамқоршы болуға жараса – жігіт болғаны. Ата мен ананың қартайғанда бойынан күші қайтады. Бірақ олардың ақылы, көпті көрген тәжірибесі отбасына үлкен көмегін тигізеді. Ол үшін ата-анамен ақылдасып, олардың пікірін тыңдап отыру керек. Ата-ананы сыйлаған жастардың өз балалары да кейін соны қайталайды. Ата-ананың тәжірибесін бойға сіңіре білу – әр баланың парызы.
(95 сөз)
Тапсырма:1-2 сөйлемдерге синтаксистік талдау жаса.
Үміт
Осы оқу жылы мен үшін бір белес асар жылым. Өйткені мен училищені бітіріп, бір басқыш аттаймын. Ілгері қарай оқуға мүмкіндік бола ма, жоқ па? Ол жағы әзір жұмбақ. Ал, мына училищені жақсы бітірсем, ілгері ұмтылуға жол ашық тәрізденеді. Бірақ, ілгері тарта берердей мүмкіндік алдымда аз елестейді. Өйткені, ауылда әкенің бар тапқан, таянғанын беріп, тілеп отырған ақ тілеуі бар. Осы жылға маған рұқсат бергенде, "Шырағым, жолыңды бөгемейін. Бірақ, біздің тілегімізді де ұмытпа" деген. Ол әшейін айтыла салған сөз емес, атаның, ананың ақ пейілінен, мейірбан жүрегінен айтылған сөз. Оны елемей кетер ойдан да аулақпын.
(92 сөз)
Тапсырма:жіктік, сілтеу есімдіктердің астын сыз.
Күздеу
«Күздеу» дегеніміз күзгі қоныс. Дегенмен күздеу мен көктеудің бір қоныс екенін есте ұстағанымыз жөн. Өйткені бұл қоныстың өзіндік ерекшелігі болады:көктемде қары жайлаудан гөрі ерте кетіп , тез көктейді.Содан соң қысқы қора маңының лайсаңынан құтылып, сергу үшін ел көктеуге келіп қонады. Сөйтіп мұнда жайлау жетілгенше отырады.
Ел жайлауға кеткен соң, көктеудің көгі қайта жетіледі. Енді жайлау сүргек тартып, ел қайтадан қыстауға жақындайды. Сөйтіп тағы да қайтып келіп , қыстау маңындағы әлгі көктемгі қонысына қонады. Оның бұл кездегі аты-күздеу.Осы жерде қыс қамына кіріседі. Күздеудің отын әбден тауыспай, қысқы жайылымға мал тұяғын тигізбейді.
(92 сөз)
Тапсырма:ілік септікте тұрған сөздердің астын сыз.
Жаңа жыл
Ағылшындар жаңа жылды әр түрлі жағдайда қарсы алады.Адамдар өз отбасында жиналып, кешке сағат сегізден таңертеңге дейін тойлайды немесе би залдарына барып түні бойы билейді, демалады. Әдетте үстелге жеңіл тамақтар қойылады: суытылған ет, самса, торттар және сусындар. Түннің ортасында Биг Бен парламентінің үйінен берілетін қоңырауды радиодан тыңдайды және жаңа жыл үшін тілектер айтады.
Жаңа жылды қарсы алу үшін көп адам Пикадилли алаңына жиналып, өлең айтады. Жаңа жылға адамдар бір-біріне мерекелік құттықтау хат және сыйлықтар жібереді. Дәстүр бойынша адамдар бір-біріне жаңа жылда уәде береді.Бірақ уәделердің бәрі орындалады деп айтуға болмайды.
(92 сөз)
Тапсырма: Септік жалғауларын белгіле.
Қазақ даласы
Жол!Жол! Адамның үміті тәрізді ешқашан таусылмас, ұшы-қиыры жоқ, ұзақ жол.
Оттарба танауы делбеңдей, жүйтки шапқан өгіз тәрізді, буы бұрқырап, ырсылдай ағызып келеді.Телеграф бағаналары бірін-бірі қуалап, кейін қалып барады. Жан-жағымыз ұшан-теңіз, байтақ дала. Қазақ даласы! Менің далам! Әке-шешем, ата-бабам даласы!
Қазақ даласына қарап тұрсаң, домбырадан күй тыңдап отырғандай, көңілің сан саққа жүгіреді. Міне, мынау-біз қойнауына кіріп бара жатқан жасыл тау алқабы «келші»,құлыным деп, құшағын жайып қарсы алғалы саған ұмтылады. Кешегі біз өткен бозаң шөпті, сортаңды дала көрінісі қайғыдан әжімделген қарт әжеңнің түріндей болып, әлденелерді есіңе түсіреді, көңіліңді босатады.
(97 сөз)
Тапсырма: лепті сөйлемдерді сүраулы сөйлемдерге айналдырып жаз.
Көктем
Көктем. Мал төлдеп жатқан кез. Даланың ең бір қызықты шағы бұл. Мұндай кезде біздің,балалардың, «Қоянбай» бауырында отырған қойлы ауылдарға баруға жанымыз құмар. Жақында біздің Түсіп атайдың отары көктеуге көшіп келгелі бері, мен мектепке сол жақтан қатынап жүргенмін. Ертең демалыс болған соң өзіммен бірге үшінші сыныпта оқитын Маратты ертіп бармақ болдым.
Дала көк торғын. Алыстағы көлден талып естілетін құс шуы тынық ауада бейне бір сырнай дауысындай сызылады. Төбеде бозторғай шырылдап, маңайдың бәрін әнменен тербелтіп тұрғандай. Бұл кезде екіндіге құлағынымен, көктемнің жылы лепті сары шуақ күні қызуы қайта қоймай ,шекенді қыздырады. Мұндай кезде көңіл көтеріңкі. (94 сөз)
Тапсырма: нақ осы шақта тұрған сөздердің астын сыз.
«Адай» күйі.
Қазақтың әрбір күйінің өзіндік тарихы бар. Дина Нұрпейісованың айтуынша, бұл күйдің тарихы мынадай оқиғамен байланысты. Құрманғазы ел аралап жүріп, Адай руының бір үйіне түседі. Күйшінің көзіне кереге басында ілулі тұрған домбыраға түседі. Ол домбыраны алып, бұрауын өзгертіп қояды. Біраз уақыттан соң бір қыз бала келіп, төрдегі домбырасына жармасады. Бұрауының өзгертіп қалғанын бірден сезген қыз: «Бүлдірген екенсің ғой», дегендей, Құрманғазыға қарады да, домбырасын ұсына қояды. Құрманғазы бір-екі тартқаннан кейін, бұл өңірде Ақмаңдайдан өткен күйші жоқ еді, бұл кім болды екен дегендей, таңдана қарайды.
Сұрастыра келе домбырашының қызылқұрт Құрманғазы екенін біледі. Сол қызбен күй тартысу үстінде осы «Адай» күйі шығыпты. (100 сөз)
Тапсырма: «домбыра» сөзіне фонетикалық талдау жасандар.
Мамандық
Мамандық таңдау – әрбір мектеп бітіруші түлектің мақсаты. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» дейді халық. Барлық адам баласының арманы болады. Арманшыл адам болашақта дегеніне жете алады. Мамандық пен өнерді өз қабілетіне де қарай таңдап алады. Өмірде мамандықтың түрі өте көп. Халық алдына шығып ән салатын әнші болу. Адам өмірінің арашасы болатын ақ халатты дәрігер болу. Шәкірттерді білімге жетелейтін ұстаз болу.
Адам жас кезінен бастап өзінің жүрегі қалаған мамандығына қарай бейімделе бастайды.Терең білім алуға талпынады.Жақсы маман болу үшін еңбек ету керек.
Бала шақ пен болашақ әрқашан үндесіп жатады. Болашаққа апаратын тура жол бала шақтан басталады. (97 сөз)
Тапсырма:Туынды сын есімдердің астын сызындар.


Торғай Бақша арасындағы жолмен аңнан келемін.Итім жүгіріп бара жатқан. Ол кенет жүрісін тежеп,құстың иісін сезгендей бұға бастады. Мен ілгері жол бойына қарадым.Торғайдың ақ үрпек балапанын көрдім . Ит балапанға ептеп жақындай бергенде,кенет қара тамақ үлкен торғай ағаш басынан зу етіп иттің дәл қасына кеп қонды. Ол жан ұшырып,өзінің балапаны үшін ажалға қарсы ұмтылды.Ол балапанын өз денесімен бүркемек болды.Титтей денесі қорыққанынан дірілдеп,даусы шыр-шыр етеді.Ол балапаны үшін өзін-өзі құрбан еткелі безектеп жүр. Мен итімді тез өзіме шақырдым.Кішкене ғана торғайдың ұлы аналық күші мені таң қалдырды. (92 сөз)
Тапсырма: Жіктік есімдіктердің астын сызындар.

Мазмұны
Алғы сөз..............................................................3 бет
Диктант жұмысының нормалары,бағалау нормалары,қойылатын талаптар ......................4-7 бет
5-сынып үшін диктант мәтіндері.....................8-12 бет
6-сынып үшін диктант мәтіндері.....................13-19 бет
7-сынып үшін диктант мәтіндері.....................19-24 бет
8-сынып үшін диктант мәтіндері.....................25-33 бет
9-сынып үшін диктант мәтіндері.....................33-40 бет

Приложенные файлы

  • docx 274935
    Размер файла: 55 kB Загрузок: 0

Добавить комментарий